FlyArystan әуекомпаниясының жолаушысы Алматыдан ұшу алдында қол жүгінің кенеттен өлшенгеніне және артық салмақ үшін қосымша ақы төлеуге шағымданды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жазба Threads әлеуметтік желісінде пайда болды: @artbabes_ деген қолданушы Алматыдан 21:50-де ұшуға тиіс FS 7061 рейсіне отырғызу тәртібін сипаттап жазды.
«Біз бір сағат бұрын келдік, кезек те болған жоқ. Бірақ ұшуға 5 минут қалғанда бүкіл топты залдың ортасындағы еден таразысына базардағыдай өлшенуге қуды», — деп жазады ол.
Ол тіркеу кезінде жолаушылардың багажы мен заттары таразыға қойылмағанын атап өтті. Оның айтуынша, отырғызу басталғанда жолаушылар күтіп тұрған, алайда аяқталуына шамамен бес минут қалғанда бәрін қосымша өлшеуге шақырған.
«2 кг артық салмақ үшін 11 мың қосымша төледім, иықтағы сөмкені де өлшеді. Ауасы тар автобуста 15 минут ұстады, ұшаққа шығармады, себебі — біз адам отырғызып жатырмыз. Қызметкерлердің дәлелі «АЛ СІЗ ПОБЕДАМЕН ҰШҚАН БА ЕДІҢІЗ?» болды», — деп жазды жолаушы.
Жазбаға жауап ретінде FlyArystan компаниясы әйелге пікірі үшін алғыс айтып, сипатталған жағдай бойынша тексеріс жүргізгенін мәлімдеді.
«Сіздің жазбаңызда сипатталған жағдай бойынша тексеріс жүргіздік. Қол жүгін өлшеу — стандартты рәсім және FlyArystan белгілеген ережелерге сәйкес жүргізіледі. Рұқсат етілген салмақ нормасынан асып кетсе, қосымша ақы төлеу қарастырылған. Сонымен қатар жолаушыларға қосымша шығынсыз қол жүгінің салмағын белгіленген нормаға сәйкестендіру үшін жеке заттарын қайта бөлу мүмкіндігі ұсынылды. Отырғызу барысы сізге қолайсыздық туғызып, жағымсыз әсер қалдырғанына шын жүректен өкінеміз», — деп жауап берді компанияда.


