FlyArystan әуе компаниясының Алматыдан Гоаға бағытталған рейсі Үндістан астанасы Дели әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы әлеуметтік желілерде жолаушылардың өздері хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Threads платформасындағы isataevaalma деген пайдаланушы Алматыдан Гоаға ұшқан ұшақтың Делиге мәжбүрлі қонғанын айтты. «Бүгін Алматыдан Гоаға Fly Arystan әуе компаниясымен ұштық, ойлап көріңізші, жете алмадық, Дели әуежайына мәжбүрлі қондық! Ұшақта бір жарым сағат отырмыз. Бізді қонақүйлерге орналастыруын күтіп отырмыз, өйткені баратын жерге қашан жететініміз белгісіз», — деп жазды ол.
Жазбаға FlyArystan әуе компаниясы жауап берді. «Келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз. Қалыптасқан жағдай жоспарларыңызға әсер етуі мүмкін екенін түсінеміз және мән-жайды нақтылағымыз келеді. Алматы — Гоа бағытындағы FS7415 рейсі Делиге мәжбүрлі қонды. Қазіргі таңда ұшу операциялық себептермен кешігуде. Жолаушылар мен экипаж қауіпсіздігі әуе компаниясы үшін басты басымдық болып қала береді, сондықтан барлық шешім ұшу қауіпсіздігінің талаптарын ескере отырып қабылданады», — делінген хабарламада.
Әуе компаниясы күту уақытында жолаушыларға қонақүйден орын және тамақ қарастырылғанын қосты. «Жаңартуларды қадағалауды сұраймыз. Кестедегі өзгерістер туралы ақпарат брондау кезінде көрсетілген байланыс деректеріне жіберіледі. Сондай-ақ бұл рейстің чартерлік екенін назарларыңызға жеткіземіз. Ақшаны қайтару немесе қайта брондау мәселелері бойынша әуе билетін сатып алған жерге тікелей жүгінуге кеңес береміз», — деді баспасөз қызметі.


