flydubai рейсінің капитанына шабуыл жасаған екінші ұшқыш тергеу барысында ұшақты Бен-Гурион әуежайының терминалына бағыттауды көздегенін мойындады. Бұл туралы Израильдің «12 арнасы» журналисі Амит Сегал мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Журналистің айтуынша, Омандық ұшқыш әдеттегідей қонуға кірісуді жоспарлаған, алайда соңғы секундтарда ұшақты кенет терминал ғимаратына бағыттамақ болған. Ол сол сәтте әуе кемесін тұтқындау мүмкін болмайды деп есептеген.
Дәл осы себепті, Сегалдың тұжырымынша, шабуылдаушы капитанға тек Иордания аумағының үстінде, лайнер Израильге жақындаған кезде шабуыл жасаған.
Журналистің дерегінше, бұл ойды жүзеге асыруға жараланған үндістандық капитанның қандай жағдайда болса да ұшқыштар кабинасының есігін ашуға бел байлауы кедергі болған.
Еске салайық, 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке ұшқан flydubai FZ1073 рейсінде екінші ұшқыш капитанға шабуыл жасап, ұшақты басқаруды өз қолына алуға тырысқан. Бортта 170-тен астам жолаушы мен экипаж мүшелері болған.
Жолаушылар мен экипаж мүшелері шабуылдаушыны залалсыздандырды. Бортта болған резервтік ұшқыш ұшақты Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук әуежайына қондырды. Екінші ұшқышты сауд билігі ұстап, кейін Біріккен Араб Әмірліктеріне тапсырды.
Бұған дейін «Курсив» оқиғадан кейін flydubai Дубай мен Израиль арасындағы барлық рейстерді уақытша тоқтатқанын жазған. Әуекомпания тергеу қорытындысы бойынша қосымша ақпарат алғаннан кейін ұшуларды қайта бастайтынын мәлімдеді.


