Flydubai әуекомпаниясы Сауд Арабиясында шұғыл қонған рейске қатысты тергеу аяқталғанша Израильге және кері бағыттағы рейстерін тоқтатты. Бұл туралы тасымалдаушы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«30 қыркүйекте болған FZ 1073 рейсіндегі оқиғадан кейін тиісті органдармен келісе отырып, Flydubai тергеу жүргізіліп жатқан кезеңде Израильге және Израильден рейстерді тоқтатады», — делінген әуекомпанияның мәлімдемесінде.

Тасымалдаушының пікірінше, тоқтату тиісті органдарға жұмысын жалғастырып, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға мүмкіндік береді.

«Біз қазіргі тергеуге жан-жақты көмек көрсетуге және барлық бағыттарымызда қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарын сақтауға толық дайынбыз. Мемлекеттік органдармен, реттеуші құрылымдармен және әуежай өкілдерімен тығыз байланыстамыз. Жаңа ақпарат түскен сайын ұшуларды тоқтату туралы шешімді қайта қараймыз», — делінген мәлімдемеде.

Еске салайық, Израиль Әскери-әуе күштерінің истребительдері ұшаққа қарай көтерілген болатын. Кейін әуе кемесі Сауд Арабиясына қонғаны белгілі болды. Содан соң Flydubai израильдік телеарнаға Дубай — Тель-Авив рейсінде ұшқыштар арасында ұшақ бортында төбелес болғанын хабарлады.

Көп ұзамай ұшақтан алғашқы фото мен бейнежазбалар пайда болды. Суретте шабуылдаушымен күрескен, болжам бойынша, жолаушы бейнеленген. Ал билік ұшқыштардың бірі ұшақты әдейі құлатпақ болған деген нұсқаны тексеруде. Оның әрекетін екінші ұшқыш пен онымен күреске түсіп, апаттың алдын алған израильдік жолаушылар тоқтатқан деп болжанады.

Сондай-ақ ұшқыштардың азаматтығы туралы тағы бір нұсқа айтылды. Ресей мен Украина азаматтығы туралы нұсқадан кейін ұшқыштардың Оман мен БАӘ азаматтығы бар деген деректер шықты.

Одан әрі ұшқыштардың бірі шабуылдан кейін пышақ жарақатынан көз жұмуы мүмкін деген ақпарат пайда болды.

БАҚ сондай-ақ Украина мен Ресейден келген ұшқыштар жолаушы ретінде ұшып, FlyDubai ұшағының басқаруын қолға алғанын жазды.

Кейінірек FlyDubai ұшағының бортында әріптесінің шабуылынан зардап шеккен ұшқыш Үндістан азаматы Смит Маччхар болғаны белгілі болды.