Дубай — Тель-Авив бағытында ұшқан Flydubai әуекомпаниясының Boeing 737 жолаушылар лайнері Сауд Арабиясы үстінен бұрылыс кезінде апаттық дабыл беріп, Табук әуежайына шұғыл қонды. NUR.KZ РИА Новостиге сілтеме жасап хабарлағандай, кеме капитаны мен екінші ұшқыш жарақат алып, медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жатқызылды, деп жазады infohub.kz сайты.
РИА Новости Al-Arabiya телеарнасының ұшқыштардың жағдайы туралы хабарламасын аударып келтіреді: «Flydubai лайнерінің капитаны мен оның көмекшісі (екінші ұшқыш — ред. ескертпесі) жарақат алды... олар медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жатқызылды».
Бұған дейін ұшақ ұрлау немесе заңсыз араласу дегенді білдіретін 7500 кодын бергені хабарланған. Әуе кемесіне қарай Израиль Әскери-әуе күштерінің истребительдері көтерілген, кейін лайнердің Сауд Арабиясына қонғаны белгілі болды.
Flydubai әуекомпаниясы израильдік теледидарға Дубай — Тель-Авив рейсінде ұшқыштар арасында төбелес болғанын мәлімдеді. Көп ұзамай ұшақтан алғашқы фото мен видео пайда болды: суретте шабуылдаушымен күрескені болжам етілген жолаушы бейнеленген.
Билік ұшқыштардың бірі ұшақты әдейі құлатпақ болды деген нұсқаны тексеруде. Оның әрекетін екінші ұшқыш пен онымен күреске түсіп, апаттың алдын алған израильдік жолаушылар тоқтатты деп болжанады.
Сондай-ақ Flydubai ұшағы ұшқыштарының азаматтығы туралы тағы бір нұсқа айтылды. Ресей мен Украина азаматтығы туралы нұсқадан кейін ұшқыштардың Оман мен Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтығы бар деген деректер шықты.
Одан кейін ұшқыштардың бірі шабуылдан кейін пышақ жарақатынан көз жұмуы мүмкін деген ақпарат пайда болды. Бұған дейін Дубай — Тель-Авив рейсіндегі төтенше жағдайды 180 израильдікті өлтіруге әрекет деп атағанын хабарлаған болатынбыз.


