FlyDubai әуекомпаниясының ұшағында әріптесінің шабуылынан зардап шеккен ұшқыш — Смит Маччхар есімді Үндістан азаматы болуы мүмкін. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Hindustan Times басылымының дерегінше, Маччхар Дубайдан Тель-Авивке ұшқан рейсте экипаж командирі болған. Сол кезде екінші ұшқыш оған пышақ салған. Осыған байланысты ұшақ Сауд Арабиясы әуежайына шұғыл қонды. Зардап шегушінің жағдайы туралы мәлімет жоқ.
Маччхар 2022 жылдың маусымынан бері FlyDubai әуекомпаниясының Boeing 737 ұшақтарында командир болып жұмыс істегені хабарланды. Оған дейін ол Мумбаидағы SpiceJet әуекомпаниясында 11 жыл еңбек етіп, экипаж командирі қызметін атқарған, ал 2020 жылдың қарашасынан бастап басқа ұшқыштарды оқытып, тексерген нұсқаушы болған. Профилінде 737-800 және 737 MAX 8, 9 үлгілеріндегі ұшақтарда 9 750 сағат ұшқаны көрсетілген.
Басылым сілтеме жасаған LinkedIn профиліне сәйкес, Маччхар FlyDubai әуекомпаниясына бірден әуе кемесінің командирі қызметіне келген. Профильде оның SpiceJet әуекомпаниясында командир ретінде 6 400 сағаттан астам ұшқаны және FlyDubai нұсқаушылар тобына қосылғысы келетіні жазылған.
Израиль ӘӘК-нің истребительдері ұшаққа қарай көтерілген. Кейін әуе кемесінің Сауд Арабиясына қонғаны белгілі болды. Содан соң Flydubai әуекомпаниясы израильдік телеарнаға Дубай–Тель-Авив рейсінде ұшқыштар арасында ұшақ бортында төбелес болғанын мәлімдеді. Жуырда ұшақтан алғашқы фото мен видео пайда болды. Суретте шабуылдаушымен күрескен жолаушы бейнеленген. Ал билік ұшқыштардың бірі ұшақты әдейі құлатпақ болған деген нұсқаны тексеруде. Оның әрекетін екінші ұшқыш пен күреске түскен израильдік жолаушылар тоқтатып, апаттың алдын алған деп болжанады.
Сондай-ақ ұшқыштардың азаматтығы туралы тағы бір нұсқа айтылды. Ресей және Украина азаматтығы туралы нұсқадан кейін ұшқыштардың Оман және БАӘ азаматтығы бар деген деректер шықты.
Кейін ұшқыштардың бірі шабуылдан кейін пышақ жарақатынан қаза табуы мүмкін деген ақпарат пайда болды.
Сондай-ақ БАҚ Украина мен Ресейден келген ұшқыштар жолаушы ретінде ұшып, FlyDubai ұшағының басқаруын қолға алғанын хабарлады.


