АҚШ-тың ірі автокөлік өндірушілері президент Дональд Трамптың ел аумағында қытай компанияларының зауыт салуына рұқсат беретін бастамасын қолдамады. Ford, General Motors және Stellantis мүддесін қорғайтын салалық кеңес тең емес бәсекелестік қаупі туралы ескертті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұған дейін Ақ үй басшысы қытай автокөлік өндірушілерінің АҚШ-та кәсіпорын салуына қарсы еместігін мәлімдеген. Оның айтуынша, басты шарт американдық жұмысшыларды жұмыспен қамту болуы тиіс. Трамп Жапония өндірушілерінің тәжірибесімен салыстырды, олар қазірдің өзінде АҚШ аумағында автомобиль шығарады.
Ford, General Motors және Stellantis ұстанымын American Automotive Policy Council (AAPC) жетекшісі Мэтт Блант жеткізді. Ол қытай автокөлік өндірушілері мемлекеттік қолдау, валюта саясатының ерекшеліктері және басқа да нарықтық емес тетіктер есебінен артықшылық алатынын еске салды. Оның пікірінше, осы факторларды жоймай, қытай компанияларын американдық нарыққа жіберу жергілікті автокөлік өндірушілеріне, жұмысшыларға және өнеркәсіптік қауымдастықтарға зиян келтіруі мүмкін.
Ахуалды американдық биліктің бұған дейін Ford-ты қытайлық CATL және Geely-мен ынтымақтастығы үшін сынағаны қиындатып отыр. Қыркүйекте АҚШ көлік министрі Шон Даффи де Ford-ты қытай технологиялары мен өндірісіне тәуелділікті азайтуға шақырған.
Қытай автокөлік өндірушілерінің бәсекелестігі көршілес нарықтарда әлдеқашан байқалады. Мексикада ҚХР брендтері жаңа көліктер нарығының шамамен 20%-ын алып отыр. Канада да қытайлық автомобильдердің шектеулі импортына төмендетілген тарифтермен рұқсат беруге дайындалып жатыр.
AlixPartners талдау компаниясы 2030 жылға қарай қытай брендтері әлемдік автонарықтың 30%-ына дейін бақылауы мүмкін деп болжайды.
Бұған дейін Курсив Авто Hyundai-дің АҚШ-та қытайлық электромобильдер мен гибридтердің ықтимал өсуіне алаңдаушылық білдіргенін хабарлаған.


