ForteBank лизингтік «еншілес» компаниясы ForteLeasing-ті 16,59 млрд теңгеге сатуға жаңа инвестор тапты. Қаржы ұйымының директорлар кеңесі жоспарланған келісім шарттарын қайта қарап, бастапқы сатып алушыны ауыстырды және мәміленің түпкілікті жабылу мерзімін 2027 жылдың ортасына шегерді. Бұл банктің аралық қысқартылған шоғырландырылған қаржылық есептілігінен көрініп отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ForteBank директорлар кеңесі бастапқыда жоспарланған сатып алушыны ауыстыруды 2026 жылғы 30 маусымда мақұлдады. Сатудың негізгі параметрлері өзгерген жоқ: банк ForteLeasing-тің 100% акциясын (4,56 млн жай акция) 16,589 млрд теңгеге бермек. Жаңа инвестордың аты есептілікте ашылмаған.

Сатып алушының ауысуы активті сату кестесіне әсер етті. 2026 жылғы 30 сәуірдегі алғашқы шешімнен кейін банк мәмілені 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін жабуға ниеттенген болса, енді сатуды жаңа есепті күннен кейінгі 12 ай ішінде — яғни 2027 жылғы 30 маусымға, екінші тоқсанның соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар компанияны жаңа иесіне беру банктен шығынды көрсетуді талап етеді. Сатудың нарықтық бағасы активтің баланстық құнынан төмен болғандықтан, ForteBank «Басқа да шығыстар» құрамында ForteLeasing-тің құнсыздануынан 1,109 млрд теңге шығын тіркеді.

Шығарылатын компанияның ішкі қалдықтарды шегергенге дейінгі таза активтері 44,25 млрд теңге, ал баланстық құны 17,7 млрд теңге деңгейінде қалыптасты.

ForteLeasing Қазақстан аумағында лизингтік операциялар жүргізеді. Жаңа аралық есептілікте банк бұл бизнесті сатуға арналған активтер санатына ауыстырды.

Еске салайық, 2025 жылғы 30 желтоқсанда ForteBank Home Credit Bank акцияларының 100%-ын сатып алу мәмілесін аяқтаған болатын. Кейін банктің Home Credit Bank-ке 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша инвестициясы 273,8 млрд теңгені құрағаны белгілі болды.

ForteBank-тің басым иесі — миллиардер Болат Өтемұратов. Forbes нұсқасы бойынша ол Қазақстандағы ең бай адамдар рейтингінде үшінші орында, ал оның байлығы $5,4 млрд деп бағаланады.