Францияның солтүстік-батысындағы Теңіз Сена департаментінде жолаушылар пойызы рельстен шығып, 44 адам зардап шекті, бір адам ауыр жарақат алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігі Anadolu-ға сілтеме жасап хабарлағандай, бұл туралы Франция көлік министрі Филипп Табаро әлеуметтік желідегі X парақшасында мәлімдеді. Ведомство басшысы Руан — Кан бағытындағы пойыз Клеон коммунасында рельстен шығып кеткенін айтты.

Табароның айтуынша, зардап шеккендер мен пойыз жолаушыларына көмек көрсету үшін оқиға орнына 140 өрт сөндіруші жіберілген. Пойызда барлығы 180 жолаушы болған.

Министр ахуалды мұқият қадағалап отырғанын атап өтті, алайда оқиғаның себептерін хабарламады.

Француз бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, пойыздың рельстен шығуына қатысты тергеу басталды. Руан прокуратурасының дерегінше, оқиға салдарынан 44 адам зардап шегіп, біреуінің жағдайы ауыр деп бағалануда.