Францияда екі ағайынды 17 мыңнан астам әйел мен қыздың ұрланған интимдік суреттерін сататын сайтты басқарды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Париж прокуроры Лор Бекконың мәлімдеуінше, 21 және 25 жастағы ағайындылар 6 қазанда елдің солтүстігінде ұсталды. Тергеу барысында олардан 700 мың еуро (шамамен 782,5 мың доллар) көлеміндегі криптовалюта тәркіленді. Француз тергеушілеріне Америка Құрама Штаттарының полициясы мен сот органдары көмек көрсетті.

Прокуратура дерегінше, NudeLeaksTeens сайтында интимдік фотосуреттер мен басқа да материалдардың «пакеттері» сатылған. Бұл материалдардың көздері әртүрлі болған: әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзу, жәбірленушілерге сенім кіргізіп, жыныстық қанауға тарту, сондай-ақ біреудің кек алу мақсатында адамның келісімінсіз жариялаған суреттерін пайдалану.

Зардап шеккендердің арасында кәмелетке толмағандар да бар.

Сайт қолданушыларына суреттерде бейнеленген әйелдер мен қыздардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін деректер үшін криптовалюта да ұсынылған.

Лор Бекко зардап шеккендерді Францияның киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшесіне жүгінуге шақырды.

Бұған дейін «Курсив» қазақстандықтардың интимдік фото мен видеоларды жібергені үшін жазаланатынын жазған болатын.