1 қыркүйектен бастап Францияда 15 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салынады. Заң жобасы парламенттің екі палатасында мақұлданып, президент қол қойғанға дейін Франция Конституциялық кеңесінің қарауына жіберілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тіркелуге тыйым салумен қатар, заң онлайн-платформаларды 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін осы жастағы балалардың барлық бар аккаунттарын жоюға міндеттейді. Сондай-ақ жоғары сыныптарда ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салынып, әлеуметтік желілер француздық дербес деректерді қорғау жөніндегі реттеушінің талаптарына сәйкес жас тексеру шараларын енгізуі керек.
Le Parisien басылымының атап өтуінше, заң жобасында платформалардың пайдаланушылардың жасын қалай растайтыны нақтыланбаған — әдістерді таңдау әлеуметтік желілердің өз еркіне қалдырылған.
Бұл бастама француздық денсаулық сақтау саласындағы қадағалау органының TikTok, Instagram және Snapchat сияқты платформалардың балаларға тигізетін зиянды әсері туралы ескертуінен кейін пайда болды. Ықтимал қауіптер қатарында өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, өзіне зиян келтіру, суицид және есірткі қолдану жағдайларының артуы аталған.
Франция мұндай тыйым салған Еуропалық Одақтағы алғашқы ел болады. Ұқсас шаралар Біріккен Араб Әмірліктерінде қабылданған, ал 2027 жылдан бастап Ұлыбританияда да тыйым күшіне енеді. Қазақстанда да балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою мәселесі пысықтала бастады.


