Францияда жұма күні 400 мектеп жабылды. Билiк наразылықты «қалалық тәртіпсіздікке» айналды деп бағалап отыр. Бұл туралы Франция білім министрлігінің соңғы деректеріне сілтеме жасап infohub.kz сайты хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, осы аптада өршіген оқушылар наразылығы барысында 100-ге жуық мектеп ауыр зардап шекті, 40 мектеп директоры жарақат алды.
Оқушылардың талап-наразылығы бірнеше себептен туындаған: сабақ кестесінің тым тығыздығы, сыныптардың толып кетуі, мұғалімдердің жетіспеуі және биылғы жаздағы аптап ыстықта сыныптардағы төзгісіз жағдай. Бара-бара қақтығысқа айналған наразылыққа қарсы тәртіп сақшылары жұмылдырылды.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, наразылық басталғаннан бері 15 пен 18 жас аралығындағы 3 мыңға жуық лицей оқушысы ұсталды, оның 1 949-ы тек бейсенбі күні ұсталған.
Кеше түнде жергілікті прокурорлармен сөйлескен әділет министрі Жеральд Дарманен оларды азаматтық жауапкершілік талаптарын қозғауға шақырды. Бұл арқылы балалары келтірген залал үшін ата-аналар қаржылай жауапты болады.
Ал білім министрі Эдуард Жеффре ата-аналардан көмек сұрап, «балалар көшеде қауіпте» деп ескертті.
Алайда шиеленістің басылу белгісі жоқ. Алғашқы оқиғалар Страсбургтегі Жан-Ростан лицейінің және Марсельдегі Симон-Вей лицейінің маңында тіркелді. Бүгін 400 мектеп жабық тұр.
Францияның оңтүстігіндегі Буш-дю-Рон префекті Жак Витковски BFMTV телеарнасына берген сұхбатында алаңдағы жағдай бейсенбідегі тәртіпсіздіктермен «салыстыруға келмейтінін», бүгін наразылыққа «әлдеқайда аз адам» қатысқанын айтты. Оның сөзінше, аймақтағы 11 мектеп зардап шеккен, 55 мектеп қашықтан оқуға көшті.
Осы аптадағы наразылықтардан келген шығын жүздеген миллион еуроға жетуі мүмкін. Овернь-Рона-Альпі аймағы 25 миллион еуро залал көргенін мәлімдеді.


