Францияда жоғары сынып оқушыларының жаппай наразылығы тәртіпсіздікке ұласты: елдің Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 625 адам ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Екі аптаға жуық уақыт бұрын басталған наразылық шаралары 356 оқу орнын қамтыды. Түрлі қалаларда наразылық білдірушілер көліктер мен қоқыс контейнерлерін өртеп, мектеп ғимараттарын талқандады. Мұғалімдерге шабуыл жасалды. Полицейлерге тас пен отшашу лақтырылды.
83 полицей мен жандарм зардап шекті. Білім министрлігі 119 оқушы мен мектеп қызметкерінің зардап шеккенін хабарлайды.
Алғашында оқушылар қаржыландырудың жетіспеушілігіне, мұғалімдер тапшылығына және мектептегі білім беру жүйесіндегі басқа да мәселелерге қарсы шыққан, алайда наразылық тез арада зорлық-зомбылыққа ұласты.
Франция президенті Эммануэль Макрон жастардың алаңдаушылығы әбден заңды екенін, бірақ полицейлерге, мұғалімдерге және журналистерге қарсы зорлық-зомбылықты ешнәрсемен ақтауға болмайтынын мәлімдеді. Ол полицейлер тарапынан болған құқықбұзушылықтар да заң бойынша қудалануы тиіс екенін қосты.
Бұған дейін Францияны жоғары сынып оқушыларының наразылығы қамтығаны хабарланған — бір апта бойы оқушылар оқу орындарын бөгеп жатыр. Алдыңғы күні 440 адамның ұсталғаны айтылған.


