Францияда оқушылардың наразылығы үшінші апта қатарынан басылмай тұр. Олар мұғалімдердің жетіспеуіне және оқу жағдайының нашарлығына қарсы шығып отыр. 8 қазанда наразылар қайтадан оқу орындарын бөгеп, демонстрацияға шықты. Елдің Ішкі істер министрлігінің дерегінше, шеруге 71,5 мың адам қатысқан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ең көп адам жиналған шара Парижде өтті — 24,5 мың қатысушы. Демонстрацияның орталығы Бастилия алаңы болды. Күндіз наразылық бейбіт сипатта өткенімен, кешке қарай демонстранттардың шағын топтары полициямен қақтығысқа түсті.
Басқа қалаларда да тәртіпсіздік тіркелді. Франция ІІМ мәліметінше, Бордода өрт қоюшылар полиция бөлімшесіне шабуыл жасады, Сент-Этьенде мектеп тоналды, ал Тулузада бір демонстрант мұғалімді ұрып-соқты. Марсельде Виктор Гюго атындағы лицейдің педагогы да шабуылға ұшырағанын айтып, полицияға жүгінді.
Француз күш құрылымдарының әрекеті оқушылар наразылығына қатысушылардың ауыр жарақат алуына байланысты шектен тыс қатыгездік деген айыптауға ұласты. Турда 16 жасар жасөспірім бір көзінен айырылды: прокуратураның дерегінше, жарақат полицияның LBD атқыш құрылғысының оғы тигеніне сәйкес келеді. Лансте 15 жасар оқушы полиция гранатасы жарылғаннан кейін қолынан айырылды. Екі оқиғаның да мән-жайы тергелуде. Ланстегі оқиғадан кейін Франция ІІМ мектеп наразылықтарында саңыраулатқыш гранаттарды қолдануды тоқтатты.
Наразылық үшінші апта бойы жалғасып келеді. Қатысушылар мұғалімдердің жетіспеуіне, сыныптардың толып кетуіне және ескірген ғимараттарға шағымданып отыр. Олардың айтуынша, қыста оқу бөлмелері суық, ал жазда ыстық болады.
Марсельдегі демонстрацияға мұғалім Диана Ди Сциулло да қосылды. Ол өз сыныбында 37 оқушы оқитынын және сабаққа жиһаз жетпейтінін айтты.
«Әр сабақтың басында оларға көрші сыныптарда бос орындық пен парта бар-жоғын тексеруді өтінемін, сонда олар тыныш отыра алады», — деді Диана Ди Сциулло.
Оның плакатында: «Мен мұғаліммін, ал оқушыларым сабақта тарақандарды ұстауға көмектеседі», — деп жазылған еді.
Білім министрі Эдуард Жеффрей кадр мәселесін шешу үшін мектептерге қосымша педагогтар тартылатынын мәлімдеді. Жүктемесі жоғары оқу орындарында сабақ кестесін де қайта қарау жоспарлануда. Reuters дерегінше, Францияда жасөспірімдердің сабағы таңғы сегізден кешкі алтыға дейін созылуы мүмкін.
Сонымен қатар министр университетке түсуге арналған Parcoursup ұлттық порталын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл портал күрделілігі мен талапкерлерге түсіретін стрессі үшін сынға алынып отыр.
Премьер-министр Себастьян Лекорню қазан айының соңына дейін «нақты, жедел және толық қаржыландырылатын шараларды» ұсынуға уәде берді. Алайда наразылық қозғалысының жетекшілері бұл уәделерді жеткіліксіз деп санап, 13 қазанда жаңа марштарға шақырды. Интернетте 17 қазанда наразылыққа шығуға шақырулар да таралып жатыр.
Наразылықтың тағы бір себебі — полицияның демонстрацияларды тарату кезіндегі әрекеттері. Наразылық басталғалы жүздеген адам ұсталып, ондаған адам жарақат алды.
7 қазанда Франция үкіметі мектеп наразылықтарында жарық-дыбыс гранаттарын қолдануды тоқтатты. Бұл шешім жасөспірім гранат жарылысынан қолынан айырылғаннан кейін қабылданды.
BFM TV үшін Elabe жүргізген сауалнама бойынша, француздардың 72%-ы қатысушылардың талаптарын негізді деп санайды. Сонымен бірге 55%-ы наразылықтың тоқтатылуын қолдайды.
Ұқсас шаралар көршілес Бельгияда да өтті — Брюссель, Син және Льежде.


