Францияда жоғары сынып оқушыларының наразылық акцияларынан келген шығын 33–38 миллион еуроға бағаланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Елдің үш өңірі әкімдіктерінің мәліметінше, негізгі материалдық залал былай бөлінді: Овернь — Рона — Альпі өңірінде 25–30 миллион еуро, Париж өңірінде (Иль-де-Франс) шамамен 7 миллион еуро, Гранд-Эст өңірінде 1 миллион еуроға жуық.
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес TF1 телеарнасының эфирінде апта басынан бері елде 5 мыңнан астам адам ұсталғанын, олардың 85%-ы кәмелетке толмағандар екенін мәлімдеді.
Өрт қою, ұрлық және вандализм оқиғалары тіркелген наразылықтар 735 мектепті қамтыды, оның ішінде 100-ден астам лицей талқандалды. Блоктау мен қақтығыстарға байланысты 400-ге жуық оқу орны толығымен қашықтан оқыту режиміне көшуге мәжбүр болды.
Францияның юстиция министрі Джеральд Дарманин наразылыққа шыққан жасөспірімдердің ата-аналарын азаматтық жауапкершілікке тартуға бұйрық берді. Бұл шара оларды жөндеу жұмыстарын бірлесіп төлеуге және оқу орындарына келтірілген шығынды толық өтеуге міндеттейді. Үкімет бұл қаржылық өндіріп алу шарасын жасөспірімдерді бас бостандығынан айырудан гөрі тиімдірек деп санайды.
Бұған дейін «Курсив» Францияда оқушылардың жаппай наразылығы білім беру жүйесінің нашарлауына, оқу жүктемесінің ауырлығына, мұғалімдердің жетіспеуіне және сыныптардың толып кетуіне байланысты басталғанын жазған болатын.


