Францияның медициналық сақтандыру жүйесі миалгиялық энцефаломиелитті, көбіне созылмалы шаршау синдромы деп танымал ауруды, созылмалы аурулар тізіміне ресми түрде қосты. Ұлттық медициналық сақтандыру жүйесінің сайтындағы тиісті өзгерістер тамыз айында-ақ байқалған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Миалгиялық энцефаломиелит — ұйқы мен демалыстан кейін де басылмайтын айқын шаршау басты көрінісі болатын созылмалы ауру. Оған ұйқының бұзылуы, зейін мен есте сақтау қабілетінің нашарлауы, сондай-ақ дене немесе ой еңбегінен кейін жағдайдың айтарлықтай нашарлауы тән.

Соңғы симптом маңыздылардың бірі саналады. Адам бұрын қиындық тудырмаған жүктемеден кейін өзін әлдеқайда нашар сезінуі мүмкін. Мұндай нашарлаудан кейін қалпына келу кейде бірнеше күнге, тіпті аптаға созылады.

Бұл жағдайдың нақты себебі әзірге белгісіз. Францияның медициналық сақтандыру жүйесінің дерегінше, көп жағдайда ауру инфекциядан, көбіне вирустық инфекциядан кейін басталады. Ол сондай-ақ операциядан, улы заттардың әсерінен немесе жарақаттан кейін де туындауы мүмкін.

Алайда «созылмалы шаршауды» растайтын арнайы талдау немесе басқа зерттеу әзірге жоқ. Диагноз симптомдарға сүйене отырып және басқа ауруларды жоққа шығарғаннан кейін қойылады.

Францияның медициналық сақтандыру жүйесі миалгиялық энцефаломиелитті психологиялық бұзылыс деп санауға болмайтынын жеке атап өтті. Сонымен қатар психологиялық көмек пациентті қолдау үшін, мысалы, үрей, депрессия немесе ұзаққа созылған аурудың салдары кезінде қолданылуы мүмкін.

Француз ұсынымдары дене жүктемесін біртіндеп арттыру бағдарламаларын да ауруды емдеу тәсілі ретінде қарастырмайды. Кез келген дене белсенділігі жеке таңдалуы тиіс.

Францияның медициналық сақтандыру жүйесінің бағалауынша, COVID-19 пандемиясына дейін Францияда осы аурумен ауыратын 200 мыңға жуық ересек адам болған. Алайда ұлттық эпидемиологиялық зерттеу әзірге жоқ, ал пандемиядан кейін пациенттер саны артуы мүмкін. Ауру әртүрлі жастағы адамдарда кездеседі, бірақ әйелдерде жиірек.

Созылмалы шаршау синдромы Ұлыбритания, АҚШ және Еуропалық одақтың кейбір елдерінің денсаулық сақтау жүйелерінде әлдеқашан бар. Миалгиялық энцефаломиелит Қазақстанда қолданылатын медициналық жіктеуде де кездеседі. Аурулардың халықаралық жіктеуішінің оныншы қаралымында оған G93.3 коды сәйкес келеді — «вирустық аурудан кейінгі шаршау синдромы (қатерсіз миалгиялық энцефаломиелит)». Алайда осы ауруды емдеу жөніндегі жеке қазақстандық клиникалық хаттама табылмады.

Бүгінде адамды созылмалы шаршаудан толық арылтатын арнайы емдеу жалпы алғанда жоқ. Бұған дейін иммунолог Kursiv Health-ке темірдің сіңуін төмендетіп, ағзаны қорғаныссыз қалдыратын күнделікті әдеттер туралы айтқан болатын.