Франциядағы жаппай тәртіпсіздіктен бизнеске келген шығын миллиард еуродан асуы мүмкін. Мұндай болжамды Morningstar DBRS сарапшылары айтты, оларға сілтеме жасаған Financial Times басылымы хабарлайды, деп жазады infohub.kz сайты.
Компания сарапшысы Маркос Альварес Франциядағы жаппай тәртіпсіздікті табиғи апаттарға теңеді. Мамандардың есебі бойынша, бұл оқиғалардан сақтандыру компанияларының шығыны 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін. Осылайша, болған жағдай елдің сақтандыру нарығы үшін жаппай наразылықтардың ең қымбатқа түскен оқиғаларының біріне айналады.
Францияның сауда министрі Серж Папеннің алдын ала бағамы бойынша, ел бойынша кемінде 3 мың кәсіпорын зардап шекті. Тоналған және бүлінген дүкендердің қатарында люкс брендтердің бутиктері де бар. Тәртіпсіздік аясында кейбір француз кәсіпкерлері дүкендерін өздері қорғауға дайындала бастады. Алайда дүкен иелерінің бір бөлігі өз өмірлері мен ықтимал құқықтық салдардан қорқып, қарулы қорғаныстан бас тартып отыр.
Сонымен қатар, шығынның өсуі аясында француз билігі жаппай тәртіпсіздіктен мүлікті міндетті сақтандыруды енгізу үшін Еуроодақтың мақұлдауын алуға тырысып жатыр.
Бұған дейін Францияның онлайн платформаларында жаппай тәртіпсіздік кезінде тонаушылар ұрлаған заттарды жаппай сата бастағаны хабарланған.
Еске салайық, қыркүйек айының соңында Францияны жоғары сынып оқушыларының наразылықтары қамтыған еді. Жақында Парижде оқушылардың ірі демонстрациясы алдында өздігінен наразылық акциялары өтті, олардың бірі полициямен қақтығыспен және көзжастырғыш газды қолданумен аяқталды. 19 қазанда көптеген көркем және тарихи жәдігерлер сақталған атақты Лувр мұражайы Париж көшелеріндегі наразылықтарға байланысты келушілер үшін жабылды.
Сондай-ақ біз Францияның кейбір қалаларында жаппай наразылықтарға байланысты коменданттық сағат енгізілетінін жазғанбыз. Алдында елдегі үш күндік тәртіпсіздік кезінде 2 513 адам ұсталғаны белгілі болды.


