Францияның оңтүстігіндегі шағын ауылды торнадо күйретіп, ондаған адам зардап шекті. Бұл туралы жергілікті билік сейсенбіде мәлімдеді. Құтқарушылар Помас ауылын торнадо қиратқаннан кейін іздеу жұмыстарын жалғастыруда.

Жергілікті әкімдік өкілінің орынбасары Мари-Элен Буиссактың айтуынша, барлығы 39 адам зардап шеккен, оның екеуі ауыр жағдайда. Әзірге хабар-ошарсыз кеткендер жоқ. Шамамен 300 үй зақымданып, тұрғындарды орналастыру үшін уақытша баспаналар ашылған. Од департаментінің әкімшілігі сейсенбі таңертең 1400 үй шаруашылығы жарықсыз қалғанын хабарлады.

Торнадо 1000 тұрғыны бар ауылда үлкен апат туғызып, үйлерді қиратып, көптеген көлікті зақымдады. Аймақта сол кезде найзағайлы дауыл туралы ескерту жарияланған болатын. Жақын маңдағы метеостанцияда желдің жылдамдығы сағатына 100 шақырымнан асқаны тіркелді. Дүйсенбіде Францияның оңтүстігінде өткен Испания Вуэльтасы веложарысының үшінші кезеңі бұршақ жаууына байланысты тоқтатылды.

Ұлттық метеорологиялық қызметінің (Meteo France) мәліметінше, Францияның құрлықтық бөлігінде жыл сайын бірнеше ондаған торнадо болады, олардың көпшілігі төмен қарқынды.