Freedom Holding Corp. еншілес құрылымы саналатын Freedom Finance SPC компаниясы AIX биржасында жылдық сыйақы мөлшерлемесі 8,5% болатын үш жылдық долларлық облигацияларды орналастыратынын хабарлады. Бір қағаздың номиналы $100 болғандықтан, құрал инвесторлардың кең ауқымына қолжетімді, ал сыйақы тоқсан сайын төленеді, деп жазады infohub.kz сайты.
Орналастыру 21 қыркүйекке жоспарланған. Ағымдағы шығарылымның жалпы көлемі $500 млн деп бағаланып отыр. Бұл — жалпы көлемі $1 млрд болатын облигациялық бағдарлама аясындағы екінші транш.
Бұған дейін наурызда Freedom Finance осыған ұқсас бағамен $400 млн сомаға облигация шығаратынын жариялаған болатын. Ол кезде қағаздар инвестиция құралы ретінде ұсынылды: брокерлік шот ашқан соң, инвестициялау бөлімінде сауда тапсырысын жіберіп, оларды Freedom Broker сауда алаңынан сатып алуға болатын.
Айта кетейік, облигация сатып алу долларлық жинақты салым етудің бір жолына айналуы мүмкін. Салыстыру үшін: жеке тұлғаларға арналған валюталық депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлеме 1%-ды құрайды. Қазақстан қор биржасында долларлық облигациялар 11–12%-ға дейінгі кірістілікпен саудаланады, алайда қағаздың ең төменгі бағасы қымбатырақ болуы мүмкін әрі сатып алу үшін брокер қызметіне жүгіну қажет.


