Freedom Holding Corp. қазақстандық білім беру технологиялық компаниясы Bilim Group-тың үлесін сатып алып, оның негізгі қатысушысы атанды. Мәміле ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен мақұлданды, бұл тараптарға бірлескен стратегияны жүзеге асыруға кірісуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Инвестициялар білім беру секторын цифрлық трансформациялауға және қазақстандық IT-өнімдердің экспорттық әлеуетін құруға бағытталған. Перспективалық зерттеулерді дамыту, озық оқу контентін жасау және жасанды интеллект (ЖИ) негізінде білім беру аналитикасының құралдарын енгізу жоспарлануда.

Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов жаңа технологиялардың интеграциясы холдингтің қолданыстағы экожүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті. «Біз үшін бұл Қазақстан мен Орталық Азиядағы EdTech-қызметтерді ең озық технологиялар арқылы дамытуға бағытталған стратегиялық қадам. Қаржылық және білім беру технологияларының синергиясы миллиондаған пайдаланушылар үшін жаңа мүмкіндіктер жасап, ыңғайлы форматта және тегін пайдалы әлеуметтік маңызды қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Осы бағыт аясында біз OpenAI-мен қол қойылған келісім негізінде ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ EdTech-қызметтерді SuperApp-қа интеграциялап, біртіндеп пайдаланушылар санын арттырамыз», — деді ол.

Bilim Group негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы екі компанияның ресурстарын біріктіру көпжылдық ынтымақтастықтың логикалық жалғасы екенін атап өтті. Бұған дейін платформалар Freedom Bank-пен бірлескен жобаны жүзеге асырған болатын, оның аясында қазақстандық оқушылар жоғары академиялық үлгерім үшін қаржылай сыйақы алу мүмкіндігіне ие болды. «Компетенциялар мен ресурстарды біріктіру инновацияларды тезірек және тиімдірек енгізуге, сондай-ақ цифрлық білім беру шешімдерінің тұрақты дамуын қолдауға мүмкіндік береді деп сенеміз. Бұл қазіргі әлемде адами капиталдың өсуінің кепілі», — деп түйіндеді Кенжеханұлы.

Bilim Group — Орталық Азиядағы ең ірі EdTech-компания, 2011 жылы құрылған. Стартап білім беру процестерін автоматтандыруға, кадрлық есепке алуға және цифрлық кітапханаларға арналған IT-қызметтерді біріктіреді. Экожүйенің күнделікті аудиториясы бір миллион бірегей пайдаланушыға жетеді.

2025 жылдың қарашасында Вашингтонда Freedom Holding Corp. қатысуымен OpenAI корпорациясымен стратегиялық меморандумға қол қойылды. Осы келісімнің арқасында 160 мыңнан астам қазақстандық мұғалім BilimClass платформасы арқылы ChatGPT Edu нейрожелісінің қауіпсіз білім беру нұсқасына қол жеткізді.

Freedom Holding Corp. — әлемнің 22 елінде (АҚШ, Кипр және Қазақстанды қоса алғанда) ұсынылған әртараптандырылған халықаралық топ. Компания штаты 11,8 мыңнан астам қызметкерді құрайды. Холдинг акциялары американдық Nasdaq Capital Market биржасында FRHC тикерімен сатылады. Топтың экожүйесіне банкинг, сақтандыру, брокерлік қызметтер, телекоммуникация және lifestyle-қызметтер кіреді.