АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы (FTC) тұтынушылардың жеке деректеріне қарап бағаны жасырын өзгертетін компанияларға қатысты жаңа саясат ұсынды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

FTC ұсынған құжатқа сәйкес, сатып алушының төлеуге дайын сомасын болжап, бағаны жекелей өзгертетін сатушылар федералды деңгейде жауапқа тартылуы мүмкін. Комиссия төрағасы Эндрю Фергюсонның айтуынша, тұтынушылар тізімдегі бағаны көргенде, оның барлығына бірдей қолжетімді екенін күтеді, алайда кейбір сатушылар жеке деректер негізінде бағаны өзгертеді.

FTC бұл мәселені бұрыннан бақылап келеді. 2025 жылғы қаңтардағы алдын ала есепте агенттік азық-түлік дүкендері мен киім сататын компаниялар үшінші тарап ұйымдарының көмегімен тұтынушылардың орналасқан жері, шолу тарихы және виртуалды себетте тауарды қанша уақыт ұстағанына қарап бағаны жекелендіретінін анықтаған. Мысалы, жаңа ата-ана ретінде профильденген тұтынушыға іздеу нәтижелерінің бірінші бетінде қымбатырақ балалар термометрлері көрсетілуі мүмкін.

Фергюсон FTC-тің жекелендірілген бағаны толық тыйым салуға құқығы жоқ екенін айтады. Алайда ұсынылып отырған саясат бойынша, бизнес субъектілері жекелендірілген бағаны қолданатын болса, бұл туралы «айқын және көрнекі түрде» хабарлауы және бағаны анықтау үшін қандай деректерді пайдаланатынын көрсетуі тиіс.

Саясатта жекелендірілген бағаны ашпай қолданатын компаниялар нарықтағы әділетсіз немесе алдамшы әрекеттерге тыйым салатын FTC Заңын бұзатыны көрсетілген. Комиссия бұл саясат бойынша 30 күн ішінде қоғамдық пікір жинайды.