Галапагос архипелагындағы Флореана аралына шамамен екі ғасырдан кейін алып галапагос тасбақалары қайта оралды. Галапагос ұлттық паркі дирекциясының мамандары мен экологиялық ұйымдардың өкілдері аралға 158 жас тасбақа жіберді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл түрдің популяциясын теңізшілер мен кит аулаушылар XIX ғасырдың ортасында толығымен жойып жіберген болатын. Алайда ғалымдар көршілес Исабела аралындағы Вольф жанартауының маңынан табылған гибрид дарақтар мен көпжылдық өсіру бағдарламасының арқасында генетикалық желіні қалпына келтіре алды.
Бауырымен жорғалаушыларды табиғи ортасына қайтару операциясы рейнджерлер мен еріктілерден асқан күш-жігерді талап етті. Салмағы 13-22 келіге дейінгі әрбір тасбақаны арнайы рюкзак-контейнерлерге салып, жанартаулық бедерлі жер мен қалың тоғайдың ішімен көптеген шақырымды жаяу жүріп өтті.
Экологтар алып тасбақалардың арал экожүйесіндегі рөлі ерекше екенін атап өтеді. Олар аумақты аралап жүріп, өсімдік тұқымдарын таратады, өсімдік жамылғысын қалыптастырады және басқа жергілікті түрлердің тіршілігіне қажетті жағдай жасайды. Ғалымдар архипелагтың табиғи тепе-теңдігін толық қалпына келтіру үшін реинтродукция бағдарламаларын жалғастырмақ.


