Қарағанды облыстық сотының жаңа төрағасы болып Ғалым Күлекеев тағайындалды. Ол бұған дейін облыстың азаматтық істер жөніндегі сот алқасын басқарған, деп хабарлайды infohub.kz.

Жоғарғы Соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев Қарағанды облысы судьялар корпусына жаңа басшыны таныстырды. Іс-шара барысында ол облыстық сот төрағасы қызметін аяқтап, зейнеткерлікке шыққан Ерден Әріповке алғысын білдіріп, оның облыстың сот жүйесін дамытуға қосқан үлесін атап өтті. «Жаңа басшыны таныстыра отырып, Жоғарғы Сот төрағасы Ғалым Күлекеевтің сот жүйесінде мол тәжірибесі барын, судьялар қауымы арасында лайықты беделге ие екенін және кіршіксіз кәсіби репутациясы бар екенін атап өтті», — делінген хабарламада. Мерғалиев Күлекеевтің басшылығымен Қарағанды облыстық соты сот төрелігін жүзеге асыру сапасын одан әрі арттырып, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын тиімді қорғап, сот билігіне қоғам сенімін нығайту жұмысын жалғастыратынына сенім білдірді.

Ғалым Батырбекұлы Күлекеев 1979 жылы Жамбыл облысының Қаратау қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін, 2002 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің экономика факультетін, ал 2024 жылы осы оқу орнының заң факультетінің магистратурасын бітірген. 2000–2007 жылдары сот жүйесінде және мемлекеттік органдарда әртүрлі лауазымдарды атқарған. 2007–2010 жылдары Астана қаласының Алматы аудандық сотының судьясы, 2010–2012 жылдары Жамбыл облысының Жамбыл аудандық сотының төрағасы, 2012 жылдан 2024 жылға дейін Жамбыл облыстық сотының судьясы болған. 2024 жылдан бері Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарып келген.