Сыйақының сенімділігі төмендеп, жағдайды бақылау әлсіреген сайын адам тезірек шешім қабылдап, стратегиясын қарапайымдата түседі. Ортаның кездейсоқтығы мен болжамсыздығы адамдардың жоспарлауға танымдық ресурс жұмсауға дайындығына қалай әсер ететінін зерттеген ғалымдар осындай тұжырымға келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тиісті ғылыми жұмыс Nature Communications журналында жарияланды. Оның негізінде АҚШ-та тұратын 300 ересек респондент қатысқан үш онлайн-эксперимент жаттыр.
Қатысушыларға қазына толы сандықтардан тұратын виртуалды лабиринттен өту ұсынылды. Онда ең көп ұпай жинау үшін солға не оңға бұрылуды таңдау керек болды. Ғалымдар белгісіздіктің үш түрін модельдеді: ақпараттың сенімділігі (сыйақысы болжамсыз «құпия» сандықтардың пайда болуы), ортаның өзгермелілігі (қозғалыс барысында сандық құндылықтарының кездейсоқ ауысуы) және басқарылымдылық (таңдалған бағыттың керісінше әрекет ету ықтималдығы). Математикалық модельдердің көмегімен зерттеушілер қатысушылардың алғашқы шешім қабылдау уақытын және таңдау дәлдігін талдады.
Нәтижелер біртұтас үрдісті көрсетті: ортаның болжамсыздығы артқан сайын қатысушылар алғашқы қадамды әлдеқайда жылдам жасады, бұл жоспарлауға бөлінетін уақыттың қысқарғанын білдіреді. Күрделі ықтималдық есебінің орнына респонденттер шешім қабылдаудың қарапайым стратегияларына көшті және маршруттардың ықтимал пайдасындағы айырмашылықты азырақ есепке алды.
Ғалымдар кездейсоқтық жағдайында адамдар терең талдаудан бас тартып, қарапайым алгоритмдерге жүгіну арқылы танымдық ресурстарын үнемдейді деген қорытындыға келді.


