Жаһандық жылыну мен Эль-Ниньо табиғи құбылысының қатар түсуі климатологтар әзірге дайын емес табиғи апаттарға әкелуі мүмкін, деп жазады Gizmodo басылымы. Ғалымдардың алаңдаушылығы туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, болып жатқан климаттық өзгерістер әдеттегі жаһандық байланыстарды бұзады. Бұрын Эль-Ниньо планетаның түрлі аймақтарында болжамды жағдайлар туғызатын, ал қазір бұрынғы схемалар жұмыс істемей қалды. Бар-Илан университетінің климатологы Эран Вос қазіргі жағдайда ескі модельдердің күші жоқ екенін атап өтті: жаһандық жылыну салдарынан тарихи климаттық тізбектер бұзылып немесе кері айналып, жаңа белгісіздіктер туғызып отыр.
Зерттеушілер соңғы онжылдықтардағы метеорологиялық деректерді талдап, ерекше құбылыстарды анықтады. Атап айтқанда, 1960–1990 жылдары Эль-Ниньо кезінде жылыну тіркелген Оңтүстік Азия мен Солтүстік-Шығыс Африка аймақтары енді аномалды суықтыққа тап болып отыр. Өз кезегінде Батыс Еуропада бұрынғы суық толқындар орнына температура айтарлықтай көтерілетін кезеңдер келді.
Ахуалды қиындататыны — қазіргі Эль-Ниньо соңғы онжылдықтардағыдай Тынық мұхиттың орталық бөлігінде емес, шығыс бөлігінде қалыптасты. АҚШ Ұлттық атмосфералық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Клара Десер бұрынғы тәжірибенің енді сенімді бағдар бола алмайтынын атап өтті, өйткені планета мүлде жаңа климаттық базалық деңгейге өтті.


