Америкалық зерттеушілер Күн жүйесіне жақын ғаламшарлардағы тіршіліктің даму әлеуетін талдап, онда саналы тіршілік иелерінің болуы екіталай деген қорытындыға келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
SciTechDaily жазуынша, Солтүстік Аризона университетінің мамандары біздің жүйеге жақын ғаламшар жүйелерін зерттеген. Олар ғаламшарлардың фотосинтез арқылы алатын энергия көлемін есептеп, бұл деректерді Жердің эволюциялық тарихымен салыстырған.
Нәтиже жақын арада байланыс орнатуды күткендер үшін көңіл көншітпейді: біздің ғаламшардан әлдеқайда ескі болса да, жарық энергиясының жетіспеуінен экзоғаламшарлар әлі күнге микроорганизмдер деңгейінде қалып қоюы мүмкін.
Астробиологтардың бағалауынша, белгілі көрші әлемдердің ішінен тек екеуі — GJ 1061c және K2-3d — теориялық тұрғыдан биологиялық түрлердің даму деңгейі бойынша Жерден озып кетуі мүмкін еді. Тағы үш ғаламшар мезозой дәуірімен шамалас кезеңде болуы ықтимал.
Жұмыс авторлары атап өткендей, егер экзоғаламшарлардағы тіршілік жердегі заңдылықтар бойынша дамыса, жақын маңдағы жүйелердің көбісі тек бактериялармен ғана қоныстанған. Бұл адамзаттың өз жүйеміздің төңірегінде жоғары дамыған өзге ғаламшарлық өркениеттермен жақын арада кездесу ықтималдығын айтарлықтай төмендетеді.


