Гарри Поттер туралы жаңа сериалдың түсірілімі британдық Латимер ауылының тұрғындары үшін көлік кептелісіне айналды: адамдар ұзақ айналма жолдарды пайдалануға мәжбүр болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

HBO телеарнасының (Warner Bros. Discovery компаниясына тиесілі әйгілі американдық кабельдік және спутниктік телеарна — ред. ескертпесі) сериалының екінші маусымын түсіру жұмыстары Англияның Бакингемшир графтығында орналасқан Латимерде жүріп жатыр.

Жолдардың жабылуына байланысты жергілікті тұрғындардың бір бөлігі 11 миль (шамамен 18 км — ред. ескертпесі) айналма жол жүруге мәжбүр болды, бұл жол жүру уақытын 20 минуттан астамға ұзартты.

Айта кету керек, шектеулер үш күн бойы күшінде болды. Сейсенбіде сағат 7:00-ден 19:00-ге дейін кіру тек жедел қызметтерге рұқсат етілді, ал дүйсенбі мен сәрсенбіде тиісті рұқсаты бар тұрғындарға жүруге рұқсат берілді.

Латимер тұрғындарының бірі оптикалық дүкенге баратын қысқа сапардың өзіне 25 минут уақыт алғанын айтты.

«Мұнда әртүрлі фильмдер түсірілді — бәрі қалыпты болды. Меніңше, Warner Bros тым алыс кетті. Ауылдағы өмір толығымен дерлік тоқтап қалды. Тіпті жаяу жүргіншілер жолдары да жабылды», — деді ол.

Бакингемшир графтығының кеңесі өз кезегінде түсірілімнің жергілікті қауымдастыққа экономикалық пайда әкелетінін мәлімдеді. Кеңес басшысының орынбасары Томас Брум жолдың уақытша жабылуы кеңестер мен жағдайды бағалаудан кейін келісілгенін атап өтті.

«Жабу түсірілімнің қауіпсіз өтуі үшін мақұлданды. Тұрғындардың кіруін сақтау үшін айналма маршруттар жұмыс істейді, ал барлық айтылған алаңдаушылықтар бағалау барысында қаралды», — деді ол.

Айтпақшы, «Гарри Поттер мен философ тасы» кітабының желісі бойынша HBO-ның бірінші сериалы 25 желтоқсанда шығуы тиіс.