Гайана жағалауында 116 жолаушы мен экипаж мүшесі бар паром аударылып, 50-ден астам адам құтқарылды. Іздестіру-құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда, ондаған адам хабарсыз кеткен, деп хабарлайды infohub.kz.

Жергілікті биліктің мәліметінше, MV Барима паромы сенбі күні сағат 23:00-де (жексенбі күні Гринвич бойынша 03:00) апат сигналын беріп, Айрон-Пант маңында аударылған. Паром Гайана астанасы Джорджтауннан Порт-Кайтумаға бет алған еді.

Гайана премьер-министрі Марк Филлипс жексенбі күні АФП агенттігіне 53 адамның құтқарылғанын айтты. Ол күндізгі уақытта іздестіру жұмыстары жалғасқан сайын тағы да адамдарды құтқаруға үміттенетінін білдірді.

Гайананың қоғамдық жұмыстар министрі Хуан Эдгиллдің айтуынша, құтқару операциясына жағалау күзеті мен жеке кемелер қатысуда.

Эдгилл паромда 250 құтқару кеудешесі, сегіз құтқару қайығы және басқа да қауіпсіздік құралдары болғанын айтты. Сондай-ақ, құтқарылғандарға көмек көрсету үшін іздеу аймағына медициналық топ жіберілгенін қосты.

"Белсенді іздестіру-құтқару операциясы жүріп жатыр, біз барлығының амандығы үшін дұға етеміз", – деді Эдгилл Facebook-те жарияланған бейнеүндеуінде.

Кеме апатының мән-жайы әзірге белгісіз.