Жетісу облысындағы сот 768 миллион теңгеге газ желілерін тартуға қатысты дауға нүкте қойды — орындаушы компания жобада көрсетілген құрылыс материалдарының көлемін пайдалануды "ұмытып", қауіпсіздік есебінен үнемдеуге жақындаған. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Жетісу облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Ескелді ауданындағы Қаратал ауылында газ құбыры мен тарату желілерін салуды жауапкершілігі шектеулі серіктестікке тапсырыс берді.
Сот баспасөз қызметінің түсіндіруінше, тапсырыс берушінің бастамасымен жүргізілген құрылыс-техникалық сараптама барысында нақты орындалған жұмыстар мен жобалық-сметалық құжаттама арасында сәйкессіздіктер анықталған. Негізгі бұзушылық құрылымның сенімділігіне қатысты: газ құбырының тіректерінің іргетасын салу кезінде мердігер нормада көрсетілгеннен әлдеқайда аз бетон құйған.
Бұзушылықтарға көз жеткізу үшін Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьялары тікелей нысанда көшпелі отырыс өткізіп, тіректерге қосымша тексеру жүргізді.
Мердігер жұмыстарды толық көлемде орындағанын дәлелдей алмады. Бірінші сатыдағы сот талапты ішінара қанағаттандырып, серіктестіктен республикалық бюджетке 45,9 миллион теңге және 1,4 миллион теңге мемлекеттік баж өндірді. Сонымен қатар, сот мердігерді мемлекеттік сатып алудың адал емес қатысушысы деп танымады, себебі бұзушылықтар шарт формальды түрде орындалғаннан кейін ғана анықталды.
Фирма үкімге шағымданғанымен, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.


