Қытайлық Geely автоконцерні 2028 жылдан бастап Volvo-дың еуропалық өндірістік қуаттарын өзінің премиум үлгілерін шығару үшін пайдалануды жоспарлап отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Шетелде өндірісті ұйымдастыру жоспарлары туралы Geely Automobile директорлар кеңесінің жаңа төрағасы Ань Цунхуэй 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өткен конференцияда айтты. Оның айтуынша, Volvo-дың еуропалық зауыттары Geely-дің жергілікті нарықтардағы стратегиясын жүзеге асыру үшін маңызды өндірістік базаға айналады. Автокөліктерді жаппай шығару 2028 жылы басталады деп жоспарлануда.

Geely Automobile қазіргі уақытта төрт брендті бақылайды: Geely, Geely Galaxy, Zeekr және Lynk & Co. Carnewschina бағалауынша, Еуропада құрастырылуы ықтимал үміткерлер — Zeekr 9X (қосылатын гибридті қондырғысы бар үлкен флагмандық кроссовер), Zeekr 8X (нарықтың жоғарғы сегментіне бағытталған тағы бір үлкен SUV) және Lynk & Co 900 (премиум деңгейдегі үлкен қосылатын гибридті кроссовер).

Volvo-дың Еуропада екі жұмыс істеп тұрған автозауыты бар — Швецияда және Бельгияда. Сонымен қатар, Словакияда электромобильдер шығаруға арналған жаңа зауыт салынуда. Оның іске қосылуы 2027 жылдың басына жоспарланған. Осылайша, 2028 жылға қарай Geely үш еуропалық алаңды пайдалана алады.

Автокөліктерді Еуропада шығару Geely-ге Қытайдан жеткізуге тәуелділікті азайтуға және өндірісті еуропалық нарыққа жақындатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, локализация топ брендтерінің аймақтағы позицияларын нығайтуға көмектесуі мүмкін. Алайда компания осы зауыттарда нақты қандай үлгілер шығарылатынын және қандай көлемде өндіріс жоспарланып отырғанын әзірге нақтылаған жоқ.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Geely Holding әлемдегі ең ірі автөндірушілер арасында нарық үлесі 4,6% болып, жетінші орынға ие болды. Қытай нарығында топтың ең көп сатылатын үлгілерінің бірі — Geely EX2 (Xingyuan/E2) шағын электромобилі. Бұған дейін Geely Испаниядағы Ford зауытында автокөліктер шығара бастайтыны хабарланған болатын.