АҚШ Қорғаныс министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Элбридж Колби Украинаның Ресейдің тереңіне соққы беруі соғысты аяқтауға ықпал етпейтінін және майдандағы ресейлік әскерлердің ілгерілеуін тежемейтінін, тек шиеленістің өсу қаупін арттыратынын мәлімдеді. Алайда Германияда бұл ұстанымды «аса ақылсыз» деп атады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Германия Қорғаныс министрлігінің басшысы Борис Писториус Украинаның Ресей аумағындағы әскери нысандарға соққы беру құқығын қорғап шығып, Пентагонның тәсілін қатты сынға алды. Неміс министрі оны «орынсыз» және «аса ақылсыз» деп бағалады.

Писториустың айтуынша, Пентагонға Ресейдің Украинаның азаматтық инфрақұрылымына жасаған соққылары туралы айту керек еді.

Неміс министрінің ұстанымын НАТО Бас хатшысы Марк Рютте қолдады. Ол НАТО-дағы барлық адам Украинаның ресейлік шабуылдардан қорғанып, ресейліктерді өз аумағынан ығыстыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы керек деген пікірмен келісетінін мәлімдеді.