Қазақстанда гидтер, экскурсоводтар және туризм нұсқаушыларының қызметінің бірыңғай қағидалары бекітілді. Жаңа құжат туристік сала өкілдерінің жұмысына бірыңғай талаптар белгілеп, саяхат қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды infohub.kz.
Қағидалар мамандардың өкілеттіктерін айқындап, олардың туристерге дұрыс ақпарат беруі, маршруттарда сүйемелдеуі және қауіпсіздік талаптарын сақтауы үшін жауапкершілігін бекітеді. Сонымен қатар, құжат гидтер, экскурсоводтар және туризм нұсқаушыларының функцияларын ажыратады.
Кәсіби қызметті бастау үшін мамандар Қазақстан Республикасының азаматтығына ие болып, рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнама аясында eLicense.kz порталы арқылы тиісті хабарлама жіберуі қажет. Бұдан әрі оларға жұмыстың ұйымдастыру-құқықтық нысанын өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ, гидтер, экскурсоводтар және туризм нұсқаушыларының қызметін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тізбесіне енгізу қарастырылуда.
Хабарламалар негізінде министрлік туристік сала мамандарының мемлекеттік электрондық тізілімін қалыптастырады. Туристер онымен Туризм және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның ресми ресурстарында таныса алады, бұл белгіленген талаптарға сәйкес жұмыс істейтін кәсіби мамандардың қызметін таңдауға мүмкіндік береді.
Қағидалардың жеке бөлімі қауіпсіздікке арналған. Мамандар саяхатшыларды маршруттардың ерекшеліктері, ықтимал тәуекелдер және нысандардан өту шарттары туралы алдын ала хабардар етуге міндетті. Төтенше жағдайлар кезінде уәкілетті органдар мен туристердің туыстарын жедел хабарландыру көзделген.
Қауіптілігі жоғары маршруттар үшін туристің ықтимал тәуекелдермен танысқаны туралы міндетті жазбаша растау енгізіледі.


