Халықаралық генетиктер тобы адамның бой өсіміне қатысты 207 генді анықтады. Оның 17-сіндегі сирек нұсқалар бойды шамамен тоғыз сантиметрге өзгерте алады. Зерттеу көрсеткендей, ДНҚ-ның өте сирек нұсқалары бойға орта есеппен кең таралған генетикалық вариациялардан 52 есе күшті әсер етеді. Бұл кейбір адамдардың неге стандартты тест болжамынан әлдеқайда ұзын немесе аласа болып шығатынын түсіндіреді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мұндай тұжырымға Regeneron генетикалық орталығы мамандарының жетекшілігімен жұмыс істеген халықаралық ғалымдар тобы келді. Зерттеу нәтижелері Nature журналында жарияланды. Жұмысқа АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Мексика және Бангладеш ғылыми орталықтары мен консорциумдары қатысты.

Генетиктер 12 түрлі популяциялық когортадан 1 450 633 ересек адамның экзомы мен геномының секвенирлеу деректерін талдап, оларды 18 жасқа толғаннан кейін өлшенген бой көрсеткіштерімен (сантиметрмен) салыстырды.

Жалпы авторлар ересек жастағы бойға қатысты 207 генді анықтады. Бұл алдыңғы ірі зерттеумен салыстырғанда 115 генге артық. Ғалымдар 17 гендегі ақуыз жұмысын бұзатын бірегей мутацияларға ерекше назар аударды: оның 11-і бойдың қысқаруымен, алтауы ұзаруымен байланысты.

Мұндай нұсқалардың орташа әсері аллельге шаққанда 8,92 сантиметр болды, ал кең таралған вариацияларда бұл көрсеткіш 0,17 сантиметр. Сонымен қатар ACAN геніндегі мутациялар бойды орта есеппен 16,6 сантиметрге қысқартса, FBN1 геніндегі мутациялар оны 11,1 сантиметрге ұзартты. Ахондроплазиямен байланысты FGFR3 геніндегі жекелеген патогендік нұсқа бойдың шамамен 30 сантиметрге қысқаруына әкелді.

Бұдан бөлек, ғалымдар бұған дейін қаңқаның тұқым қуалайтын даму бұзылыстарымен байланыстырылмаған TET1, DTL және IGF2BP2 гендерінің де бой өсімімен байланысын анықтады.