Аустрия үкіметі Адольф Гитлердің туған үйін полиция бөлімшесіне айналдырды. 2017 жылы сатып алынған үйді қайта құру жұмыстары 2019 жылы жарияланған еді. Жөндеуге 20 миллион еуро (22,8 миллион доллар) жұмсалыпты. 2026 жылғы 22 шілдеде ашылған жаңа бөлімшенің мақсаты – неонацистердің үйді қасиетті орын санап зиярат етуіне жол бермеу, дейді infohub.kz.

Аудандық және жергілікті полиция қызметкерлері осы ғимаратта орналасады. Ашылу салтанатында қала әкімі Йоханнес Вайдбахер: «Жергілікті қауым тарихпен бетпе-бет келіп, жауапкершілікті мойындайтынын көрсетуді үміт етемін. Полиция бөлімшесінің ашылуы талқылауларға айқындық әкеліп, Браунау тұрғындарына тыныштық сыйлайды деп сенемін», — деді. Салтанатқа ішкі істер министрі Герхард Карнер де қатысты. Франс Пресс агенттігінің мәліметінше, үй ауласында оркестр ойнап тұрған кезде 100-ге жуық адам, оның 30-ға жуығы формалы полицей болған, алайда жергілікті тұрғындар көп келмеген.

Аустрия Ішкі істер министрлігінің тарих бөлімінің басшысы Стефан Млцох ғимаратты аралап жүріп: «Мақсатымыз — Адольф Гитлермен кез келген байланысты үзу, оның осылайша құпиялығын жою», — деді. Нацистер Гитлердің тұлға культін қолдаған; бұрын «Фюрердің туған үйі» өнер мұражайы болған. Гитлер 1889 жылдың 20 сәуірінде осы үйде дүниеге келген, отбасы бірнеше аптадан кейін көшіп кеткен. Қазір өтіп бара жатқандар жиі суретке түседі, бірақ олардың Гитлерге көзқарасы белгісіз. Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, келушілерге қатысты «оқшауланған оқиғалар» ғана тіркеледі, бұл бұрынғыдан да аз.

Дегенмен, сыншылар ғимараттың функциясын өзгерту оның тарихы мен нацистік көшбасшымен байланысын жоя алмайды деп есептейді. Маутхаузен комитеті мен Нәсілшілдік пен оңшыл экстремизмге қарсы желінің өкілі Роберт Айтер: «Әлем тарихтағы ең ірі жаппай қырғыншының қайда туғанын ұмытпайды. Уикипедия да жазбаларын өзгертпейді. Неонацистердің Браунауға зияраты азаймайды», — деді. Жобаға қоғамдық пікір туралы сұраққа мэр Вайдбахер Рейтерге: «Жалпы, Браунау тұрғындары мұны қабылдап, үйреніп кетті деп ойлаймын», — деп жауап берді.

Кейбір тұрғындар ғимараттың жаңа мақсатына риза емес. 74 жастағы Ирэн: «Мен басқа нәрсе істегенін қалайтын едім, бірақ не істейсің. Қайырымдылық ұйымы болғанын қалайтынмын», — деді. Вайдбахер ғимаратты қайырымдылық немесе ресми әкімшілік мақсатта пайдалануды ұсынған комиссия мүшесі болған. Ақырында қайырымдылық ұйымы халық үшін тым қолжетімді болады деген пікір басым түсті. Ғимараттың тротуарында Маутхаузен концлагерінен әкелінген «Ешқашан фашизмге жол бермеу» деген жазуы бар тас қалдырылған. Тас өз орнында сақталып, жақында оған «Полиция» деген белгі қосылған.