Қазақстанда туыстарына адамның қиын жағдайға тап болғанын жедел білуге көмектесетін тегін қызмет пайда болды. Мәселен, егер қазақстандық апатқа ұшыраса немесе шұғыл түрде ауруханаға түссе, оның отбасына SMS келеді. Алайда жүйе жұмыс істеуі үшін eGov Mobile қосымшасында сенімді байланыстарды алдын ала тіркеу қажет, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Госпитализация жағдайында хабарлау үшін сенімді байланыстарды тіркеу» жаңа қызметі қосымшада пайда болды. Сіз госпитализацияланған жағдайда хабарлама жіберілетін үш сенімді тұлғаға дейін көрсете аласыз.

Сонымен, eGov.kz порталында: авторизациядан өту; «Госпитализация жағдайында хабарлау үшін сенімді байланыстарды тіркеу» қызметін таңдау; сенімді тұлғаның ЖСН-ін көрсету қажет.

Сенімді тұлғалар ретінде тек 18 жастан асқан, сондай-ақ Мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар ғана бола алатыны атап өтіледі.

«Осыдан кейін пайдаланушы жеке деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беруге келісімін растап, сұраныс жібереді. Көрсетілген адамға тіркеуді растау немесе қабылдамау ұсынысымен SMS келеді», – делінген хабарламада.

Растау үшін 911 коды бар жауап SMS жіберу қажет, бас тарту үшін – 912. Шешім қабылдауға бес сағатқа дейін уақыт беріледі.

eGov Mobile мобильді қосымшасына келетін болсақ, бұл жерде қызмет «Мемлекеттік қызметтер» – «Денсаулық сақтау» бөлімінде орналасқан.

«Пайдаланушыға сенімді байланыстарды тіркеу қызметін таңдап, ұқсас процедурадан өту қажет. Өтінішті ақпараттық жүйеде өңдеу 10 минутқа дейін уақыт алады», – делінген хабарламада.

Тіркелудің ағымдағы мәртебесі eGov.kz порталында «Менің профилім – Жеке кабинет» бөлімінде, ал eGov Mobile-да «Хабарламалар – Жеке кабинет тарихы» бөлімінде көрсетіледі.