Грецияда орман өртін сөндіру кезінде екі тікұшақ соқтығысып, экипаж мүшелері жарақат алды. Астанадан батысқа қарай 65 шақырым жердегі Псата маңында болған оқиғаның видеосында бір тікұшақ екіншісінің қалақтарына соғылып, ол жалынға оранғаны көрінеді. Екеуі де жартасқа құлаған. Грекия БАҚ-тың хабарлауынша, төрт экипаж мүшесінің екеуі есін жоғалтқан күйі табылса, қалғандары жеңіл жарақат алған.
Бұл аптада Грецияда бірнеше өрт ошағы пайда болып, көптеген адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Қатты жел өртті ауыздықтау жұмыстарын қиындатып тұр. Бірнеше еуропалық ел де ыстық толқындардың салдарынан жойқын орман өртінен зардап шекті. Апта басында Франция мен Испанияда ірі өрттер болды - олардың екеуі де Мадрид пен Бордоға жақын маңда орын алған еді. Қазір олар ауыздықталғанымен, әлі де жанып тұр. Эвакуацияланған 300 мыңға жуық адам үйлеріне қайта орала бастады.
Грекияда БАҚ Порто-Гермено, Псата, Фокида, Мегара және Кефалонияны қамтитын аумақта «титаникалық шайқас» жүріп жатқанын хабарлайды. Онда 500-ден астам өрт сөндіруші соңғы 72 сағат бойы жағдайды бақылауға алуға тырысуда. Әуедегі соқтығысу «Псата ауданындағы орман өртін сөндіру операциясы кезінде» болғанын өрт сөндіру департаменті мәлімдеді. Грекия БАҚ-тың ақпаратынша, экипаж мүшелері - екі грек және екі румын - 251-ші Әскери-әуе күштерінің бас госпиталіне жеткізілген.
Орман өрттерінің көпшілігі адамдардың қасақана немесе абайсыз әрекетінен пайда болады, бірақ климаттың өзгеруі мұндай жағдайларды жиілетіп отыр. Өткен қыс жұмсақ әрі ылғалды болып, өсімдіктердің өсуіне ықпал етті, ал кейінгі ыстық кезеңдерде олар қурап, өртке жанармайға айналды.


