Грузияда соңғы апталарда үшінші рет ірі блэкаут болды. Электр қуатының өшірілуі Тбилиси мен елдің басқа аймақтарын қамтыды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
5 тамыз кешкі сағат 20:10 шамасында астана және бірқатар аймақ жарықсыз қалды. Тбилисиде метро мен теміржол қатынасы тоқтады.
Кейін мемлекеттік «Грузия мемлекеттік электр жүйесі» компаниясы әлеуметтік желілерде болған оқиғаның себебін түсіндірді. Анықталғандай, кезекті блэкаут 24-25 шілдедегі алдыңғы ақаулардан кейін жүргізілген Ингури ГЭС-індегі жұмыстарға байланысты болған.
«Елде 24-25 шілдеде болған жүйелік ақаулардан кейін Ингури ГЭС-інде белгілі бір жұмыстар жүргізілді, атап айтқанда, станцияның тиісті жабдығын зерттеу үшін электр жүйесін оқшауланған режимде, номиналдық жиіліктен өзгеше жиіліктерде пайдалану қажет болды, бұл бүкіл ел бойынша уақытша электр қуатының өшірілуіне әкелді», — делінген компания хабарламасында.
Еске салайық, 24 шілдеде Грузияның барлық дерлік аумағы жарықсыз қалған еді.


