Грузиядағы Кулев мұнай өңдеу зауыты ресейлік шикізаттан бас тартып, Қазақстан мен Ливия мұнайын өңдеуге көше бастады. Жеткізушілердің ауысуы Еуропалық Одақтың талаптарына және санкциялық режимді сақтау қажеттілігіне байланысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Терминалды басқаратын Black Sea Petroleum компаниясының мәліметінше, шілде айында кәсіпорын қазақстандық мұнайдың алғашқы партиясын қабылдап, өңдеген. Қазақстаннан жеткізу тамыз айында да жалғасады.
Келесі кезең – Ливия мұнайын жеткізуді бастау. Компанияның мәлімдеуінше, алғашқы партия зауытқа 20-30 тамыз аралығында түсуі тиіс. Ливиялық шикізатты жеткізу туралы келісімге тараптар 3 шілдеде қол қойған.
Black Sea Petroleum Еуропалық комиссиямен ынтымақтастықты жалғастырып, жеткізу диверсификациясы бағдарламасының іске асу барысы туралы оны үнемі хабардар етіп отыратынын атап өтті.
Ресей мұнайынан бас тарту Еуропалық Одақтың санкцияларына байланысты. Егер Кулев мұнай өңдеу зауыты баламалы шикізат көздеріне көшпесе, 2027 жылдың 25 қаңтарынан бастап кәсіпорынға ЕО-ның 21-ші санкциялар пакетінде қарастырылған шектеулер қолданылады.
Бұған дейін Black Sea Petroleum ресей мұнайын өңдеуді тамыз-қыркүйек айларында тоқтатуға ниетті екенін мәлімдеген болатын. Еуропалық Одақ санкциялық шараларды қолданбау үшін кәсіпорыннан ресейлік шикізатты қабылдаудан бас тартуды талап еткен.
2025 жылы Қазақстан әлемнің 29 еліне 76 миллион тонна мұнай жеткізген. Бұл туралы «Геостатистика» телеграм-арнасы хабарлаған.
2025 жылы қазақстандық мұнайдың ең ірі импорттаушысы Италия болды – 1,29 млн тонна, құны 15 млрд доллар. Алайда сарапшылардың айтуынша, іс жүзінде Италия тарату хабы ретінде қызмет етеді, ол жерден мұнай құбырлары арқылы Еуропаның басқа елдеріне жіберіледі. Қазақстандық мұнайдың нақты ең ірі сатып алушысы – Германия.
Еске салайық, КТК-ға жасалған шабуылдар мен теңіз терминалының жабылуынан кейін Қазақстанда мұнай өндіру тәулігіне 1,63 млн баррельге дейін төмендеген, ал шілдедегі орташа өндіріс деңгейі тәулігіне 2,07 млн баррельді құраған.


