Солтүстік Қазақстан облысында ел аумағында жұмыс істеген ірі "Nomad Poker" онлайн-казиносының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тергеу барысында казино "Club GG Poker" мобильді платформасы негізінде құрылып, оны Грузияда жүрген Қазақстан азаматтары үйлестіргені анықталды. Осы схеманы пайдалана отырып, ұйымдастырушылар өздерінің жеке басын жасырып, қаржы ағындарын бақылауды қиындатып, шетел азаматтарына ресімделген шоттар мен байланыс құралдарын заңсыз қызметке пайдаланған.
Заңсыз ойын платформасы тәулік бойы жұмыс істеп, онлайн-покер форматында ақша ставкаларын енгізіп, ұтыстарды шығару мүмкіндігін берген. Жаңа қатысушыларды тарту үшін ұйымдастырушылар әлеуметтік желілер, мессенджерлер және жарнама құралдарын белсенді пайдаланған.
Нәтижесінде онлайн-казиноға 20 мыңнан астам пайдаланушы тартылған. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар үшінші тұлғалардың банк шоттарын — дропперлердің кең жүйесін құрған. Ол үшін күдіктілер шетел азаматтарының Қазақстанға ұйымдасқан түрде кіруін қамтамасыз етіп, оларға 400 долларға дейін сыйақы үшін банктік карталар мен мобильді банкинг рәсімдеген.
Онлайн-казино қызметіне 60-тан астам дроп-шот пайдаланылғаны анықталды. Ойыншылардан түскен жалпы сома 7,5 млрд теңгеден асқан.
Тергеу қорытындысы бойынша сот Алматыдағы пәтерге, үш автокөлікке, сондай-ақ дропперлердің банк шоттарындағы 158 млн теңге көлеміндегі ақшаға тыйым салды. Тергеу жалғасуда.


