Грузиядан Қазақстанға синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде сатты және қылмыстық кірістерді заңдастырды деп күдіктелген азамат жеткізілді, деп хабарлайды Infohub.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, қадағалау органының қызметкерлері Ішкі істер министрлігінің Интерполымен бірлесіп, Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің көмегімен ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған қазақстандықты экстрадициялады. Бұл топ психотроптық заттардың заңсыз айналымымен және ақшаны жылыстатумен айналысқан.
Тергеу анықтағандай, күдікті Алматы облысының аумағында есірткі өндірісін аса ірі мөлшерде ұйымдастырған. Дайындалған психотроптық заттардың аналогтары кейін «закладкалар» арқылы таратылған.
Қылмыстық топтан 10 келіге жуық мефедрон психотроптық заты тәркіленді. 1,8 миллиард теңгеден асатын заңсыз кірісті қылмыскерлер әртүрлі қаржылық операциялар, соның ішінде криптоайырбастау пункттері арқылы заңдастырған. Сонымен қатар, олар 600 миллион теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлік, бизнес объектілері және көлік құралдарын сатып алған. Бұл активтерге кейін мемлекет кірісіне айналдыру мақсатында тыйым салынған.
Бас прокуратурада қылмыстық топтың бір бөлігі сотқа берілгенін және олардың істері бойынша сот талқылауы жүріп жатқанын атап өтті. Басқа мүшелер, соның ішінде күдікті де, тергеуден жасырынып, халықаралық іздеу жарияланған. Ағымдағы жылдың қаңтарында күдікті Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта ер адам тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар бойынша мүлікті тәркілеумен 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


