Қазақстан мектептерінде 1 қыркүйекте бірыңғай сынып сағаттары өтеді, алайда мұғалімдерге гүл шоқтарын тапсыру дәстүрі шектеледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Іс-шаралардың бірыңғай форматы барлық оқушыларды қамтиды. Ведомство басшысының орынбасары атап өткендей, мектептерде сынып сағаттары, ал колледждерде кураторлық сағаттар шамамен 45 минутқа созылады.

Брифинг барысында мұғалімдерге гүл мен сыйлық тарту дәстүріне ерекше назар аударылды. Министрлік жергілікті атқарушы органдар мен әкімдіктерге ресми нұсқаулық хаттар жібергенін атап өтті.

«Мектеп қабырғасында мұғалімдерге гүл сыйлауға немесе кез келген сыйлық сатып алуға жол берілмейді. Біз мұны жеке жазып көрсеттік. Бұған еш қажеттілік жоқ. Барлық білім беру ұйымдарында дәстүрлі сынып және кураторлық сағаттар өтуі тиіс», — деді Шынар Ақпарова.

Айта кетейік, баланы бірінші сыныпқа оқу жылының басында әлі 6 жасқа толмаса да беруге болады. Ең бастысы, оның 6 жасқа толуы ағымдағы күнтізбелік жылдың соңына дейін болуы керек.