Мәскеудің Преснен аудандық соты блогер Гусейн Гасановты 68 миллион рубльден (шамамен 413 миллион теңге) астам ақшаны жылыстату ісі бойынша сырттай жалпы режимдегі колонияға 4 жылға соттады, деп хабарлайды infohub.kz.
Судья үкімді оқып, Гасановты Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 174.1-бабы 4-бөлігінің «б» тармағына (ақша қаражатын заңдастыру) сәйкес қылмыс жасады деп таныды. Оған жалпы режимдегі колонияда өтелетін төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот жарыссөзінде айыптау тарапы блогерге алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді, алайда сот жазаны төрт жылға дейін жеңілдетті.
Тергеу деректері бойынша, жеке кәсіпкер болған Гасанов 170 миллион рубльден (шамамен 1,03 миллиард теңге) астам салық төлемеген. Кейін ол бұл қаражатты қаржылық операциялар және «Мәскеу-Сити» іскерлік кешеніндегі пәтерлерді сатып алу-сату шартын жасау арқылы жылыстатқан, жалпы сомасы 68 миллион рубльден (шамамен 413 миллион теңге) астам.
Бұған дейін танымал блогердің іздеу жарияланғаны хабарланған болатын.


