Гвинея астанасы Конакридегі ірі қоқыс полигонындағы үйінді опырылып, маңайдағы үйлерді басып қалды. Үкіметтің мәліметінше, кем дегенде 30 адам қаза тапты. Тағы 22 адам жарақат алды, оның алтауы ауыр жағдайда. Бұл оқиға Дар-эс-Салам ауданында болды.
Түнгі жаңбырдан кейін жергілікті уақыт бойынша сағат 02:00 шамасында болған опырылыстан кейін аман қалғандарды іздеуге әскерилерді қоса алғанда, «елеулі» күш пен ресурс жұмылдырылды, делінген үкімет мәлімдемесінде.
Бір әйел жергілікті БАҚ-қа бес баласының қаза тапқанын айтты. Құрбандар санының артуы мүмкін деген қауіп бар.
Кейінірек құтқарушылар экскаваторлармен шашылып жатқан қоқыс үйіндісін ақтарып жатқаны көрінді, жақын жерде жергілікті тұрғындар жиналды.
Гвинея премьер-министрі Мамаду Ури Ба ахуалды бағалау және іздеу жұмыстарын басқару үшін оқиға орнына барды. Аудан басшысы Лансин Сила бұған дейін AFP агенттігіне құрбандар саны көп болатынынан қауіптенетінін айтқан. «Біз моргке жеткізілген 18 мәйітті шығардық», — деді ол.
2017 жылы дәл осы полигонда болған көшкін салдарынан 10 адам қаза тапқан еді.


