Дұрыс тамақтану жасушалардың молекулалық деңгейде қартаюын тежей алады. Неміс нейродегенеративті аурулар орталығының (DZNE) зерттеушілері он танымал тамақтану жүйесін зерттеп, осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Nature Communications» ғылыми журналында жарияланған жұмыста скандинавиялық, жерортатеңіздік, өсімдік тектес диеталар, сондай-ақ DASH жүйесі мен басқа да рациондар қарастырылды. ScienceDaily жазуынша, авторлар дұрыс тамақтанудың молекулалық деңгейде жастықты сақтауға көмектесетінін дәлелдеген.
Зерттеуге барлығы 7500-ге жуық адам қатысты. Алдымен мамандар Бонндағы Рейн зерттеуінің 6470 қатысушысының деректерін талдап, кейін қорытындыны «EPIC-Potsdam» зерттеуінен алынған 1034 адамның іріктемесінде растады. Биологиялық жас геномның 850 мың нүктесі бойынша ДНҚ метилденуін талдау арқылы бағаланды. Нәтижелер 10 тамақтану түрінің кез келгенін ұстану жасушалардың қартаюын тежейтінін көрсетті.
Зерттеудің жетекші авторы Джулиана Таварестің атап өтуінше, метаболизм мен жасушааралық байланысқа қатысты биологиялық жолдардың 70%-дан астамы қарастырылған барлық диеталар үшін ортақ болып шықты. Сонымен қатар жекелеген рациондар өзіндік әсер көрсетті: DASH диетасы жүрек-қан тамырлары жүйесін қолдаумен, ал MIND диетасы жады функцияларымен байланысты болды.
Зерттеушілер біртұтас мінсіз рацион жоқ екенін, сондықтан әр адам өзіне қолайлы нұсқаны таңдай алатынын атап өтеді.


