Бұған дейін «Додо Пицца» дереқорын бұзғанын жариялаған DATASUCKERS хакерлік тобы Қазақстан бойынша статистикасын жариялады. Олардың тұжырымынша, қолға түскен деректерде 6,5 млн қазақстандық клиент туралы ақпарат бар, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Топтың мәлімдемесіне сәйкес, Қазақстан бойынша базада 6 537 929 бірегей телефон нөмірі, 6 725 137 клиент және 59 млн-нан астам бірегей тапсырыс бар. Жалпы алғанда, хакерлер түрлі оқиғалар туралы 522 млн жазба бар дейді.
Дәлел ретінде DATASUCKERS Қазақстаннан соңғы тіркелген 1 000 пайдаланушының деректерін де жариялады, алайда кейін бұл үзінді жойылды.
Бұған дейін «Додо Пицца» өзінің Telegram-арнасында компанияның IT-жүйесіне кибератака болғанын растады. Пицца өндірушісі қаскөйлер клиенттердің бір бөлігінің деректеріне — аты-жөніне, мекенжайына, электрондық поштасына, телефон нөмірлеріне, туған күндеріне және тапсырыс тарихына — қол жеткізуі мүмкін деп жорамалдады.
Сонымен қатар «Додо Пицца» шабуылға ұшыраған жүйеде клиенттердің төлем операциялары туралы деректерді сақтамайтынын, сондықтан олар хакерлерге тимегенін мәлімдеді.
DATASUCKERS хакерлік тобының ақпаратынша, «Додо Пицца» клиенттерінің шамамен 68 млн-ы туралы 2–3 ТБ ақпарат, оның ішінде әртүрлі елдердегі пайдаланушылардың деректері мен тапсырыс тарихы ұрланған. Бұл сандарға әзірге тәуелсіз растау жоқ, ал компанияның өзі зардап шеккен клиенттердің нақты санын жариялаған жоқ.


