ReportURI компаниясының мамандары Optimizely дербестендіру платформасын пайдаланатын жүздеген веб-сайттың келушілерге зиянды код таратқанын анықтады. Ол криптовалютаны, банк карталарының деректерін, cookie файлдарын және скриншоттарды ұрлауды, сондай-ақ iOS жүйесіндегі құрылғыларды зақымдауды мақсат еткен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ReportURI сервисінің мәліметінше, шабуылға CNN, Zoom, BBC және Salesforce сияқты 178 ресурс, сондай-ақ Optimizely-дің өз беттері ұшыраған. Қаскөйлер cdn.optimizely.com доменінен жүктелетін және нақты цифрлық қолтаңбасы бар JavaScript код фрагменттеріне зиянды компоненттерді енгізген. ReportURI зерттеушісі Скотт Хелм бұл жерде кэшті улау туралы емес, платформаның заңды инфрақұрылымын track.js зиянды скриптін жеткізу үшін тікелей пайдалану туралы айтылып жатқанын атап өтті. Optimizely өкілдері түсініктеме сұраған сұранысқа жауап берген жоқ.
Зақымдалған скрипт пайдаланушының платформасына қарай бірден төрт міндетті орындаған. Біріншіден, ол тоғыз криптовалюта әмиянының мекенжайларын тауып, оларды хакерлердің деректемелеріне ауыстырған, бұл зардап шеккендердің бір бөлігінің қаражатын ұрлауға әкелді. Екіншіден, Stripe және Adyen сияқты қорғалған фреймдерді айналып өтіп, HTTP-сұраныстардан банк карталарының нөмірлерін, қолданылу мерзімін және CVV-кодтарын ұстап алған. Үшіншіден, деректемелерді ауыстыру кезінде қаскөйлерге cookie файлдары мен беттердің скриншоттарын жіберген. Соңында, boot.js файлы арқылы iPhone смартфондары мен iPad планшеттеріне iOS 13-тен 18.x-ке дейінгі нұсқаларын бұзуға арналған Coruna және DarkSword эксплойт жиынтықтары жүктелген, ал iOS 26 үшін құрылғылардың цифрлық іздерін жинау қолданылған.


