Британдық ханзада Уильям танымал телешоуға қонақ болып, онда Қазақстанның ақбөкен популяциясын қалпына келтірудегі табыстарына жеке тоқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі Instagram парақшасында BBC телеарнасында шығатын The Graham Norton Show бағдарламасының үзіндісін жариялады. Онда ханзада Уильям Қызыл кітапқа енген түрді сақтау жөніндегі қазақстандық тәжірибе туралы пікір білдірген.

«Бұрын ақбөкендер жойылып кету қаупінің алдында тұрған, ал қазір олардың саны қайтадан зор көрсеткішке жетті. Мұның бәрі Қазақстан үкіметінің бұл түрдің ел үшін және табиғатты сақтау үшін қаншалықты маңызды екенін түсінгенінің арқасында болды. Билік оны қорғауға жан-жақты қолдау көрсетті», — деп келтіреді ханзада Уильямның сөзін республика елшілігі.

Дереккөз еске салғандай, 2023 жылы Табиғатты қорғау жөніндегі халықаралық одақ ақбөкендер енді жойылып кету қаупі төнген жануарлар санатына жатпайтынын мәлімдеді. Бұған Қазақстандағы түр санының айтарлықтай өсуі себеп болды.

Сол кезде жануарларды қорғау және есепке алу жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені республикада ақбөкен популяциясын сақтау мен қалпына келтіруде елеулі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бергені атап өтілді — 2003 жылы 21 мың бастан 2023 жылы 1 миллион 915 мың басқа дейін.