Аргентина президенті Хавьер Милей Бразилия президенті Луланы «ұры» әрі «сотталған» деп атады. Осыған орай Бразилия Буэнос-Айрестегі елшісін кері шақыртты, деп хабарлайды infohub.kz.

Милей бұл сөздерді жексенбі күні Сан-Паулуда оңшыл кандидат Флавиу Болсонарудың сайлауалды науқанын іске қосу шарасында айтты. Ол Луланың атын атамаса да, «ұры» және «сотталған» деп Бразилия президентін меңзеді. Сонымен қатар Милей Флавиу Болсонаруды ғана «Луланы тоқтата алатын» адам деп атады.

Бразилия дипломаттары кейін Аргентина басшысының Бразилия үкіметіне, халқына және демократиясына тіл тигізгенін мәлімдеді. Лула болса сол күні кешке «ешкімнің араласуынсыз» басшылық ететінін, «Бразилияда ешкімге мұрнын тығып, өз ісі емес жерге араласуға жол бермейтінін» айтты.

АФП хабарлауынша, Бразилияның Аргентинадағы елшісі Хулио Бителли жексенбі мен дүйсенбі аралығында елге қайтпақ. Флавиу Болсонару — Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонарудың ұлы. Жаир Болсонару өткен жылы Лулаға сайлауда жеңіліп, билікте қалу үшін төңкеріс жасауға қатысқаны үшін 27 жылдан астам түрмеге сотталды.

Милей Жаир Болсонарудың ісін қараған Бразилия Жоғарғы Сотының судьясы Александре де Мораесты «түкке тұрғысыз таз» деп атады. Мораес бұған дейін Милейге үй қамауында отырған Болсонаруға баруына рұқсат бермеген.

Лула 2018 жылы сыбайлас жемқорлық және парақорлық ісі бойынша 12 жылға сотталған, бірақ 18 айға жуық отырып, босатылды. 2021 жылы Жоғарғы Сот оның үкімін жойды, ал келесі жылы өткен президенттік сайлауда ол сол кездегі президент Жаир Болсонаруды 50,9% дауыспен жеңді.