HEPA сүзгісі бар тұрмыстық ауа тазартқыштарды бір ай бойы қолдану ересек адамдардың ми қызметін айтарлықтай жақсартатынын infohub.kz сайты хабарлайды.

Ғалымдар Scientific Reports журналында жарияланған зерттеуде HEPA ауа тазартқыштарының когнитивтік функцияларға әсерін бағалады. Экспериментке Массачусетс штатындағы Сомервилл қаласының 30 бен 74 жас аралығындағы 119 тұрғыны қатысты. Бұл елді мекен ірі тасжолдардың бойында орналасқандықтан, ауаның көлік газдарымен ластану деңгейі жоғары.

Қатысушылар екі топқа бөлінді: бірінші топ бір ай бойы HEPA сүзгісін, содан кейін бір ай бойы сүзгісіз жалған құрылғыны пайдаланды, арасында бір ай үзіліс болды. Екінші топ кері ретпен өтті. Когнитивтік қабілеттерді тестілеу көрсеткендей, 40 жастан асқан еріктілер нақты HEPA сүзгісін қолданғаннан кейін атқарушы функциялар мен ойлау икемділігіне арналған тапсырмаларды 12%-ға жылдам орындады.

Зерттеу авторлары Николас Пеллегрино, Дуг Брюгге және Миша Елиашевич ауаны қатты бөлшектерден тазарту мидың ақ затын зақымданудан қорғауға көмектесетінін атап өтті.