Үндістанның Ассам штатында жолаушылар автобусы контейнер таситын жүк көлігімен соқтығысып, кемінде 24 адам қаза тапты, тағы 11 адам жарақат алды. Апат ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Казиранга ұлттық паркінің маңындағы тасжолда болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қаза тапқандардың арасында балалар мен автобус жүргізушісі де бар — бұл туралы жергілікті билік мәлімдеді. Соқтығысқан соң автобус жолдан шығып кетті. Оқиға орнына жиналған куәгерлер зардап шеккендерге көмектесуге тырысты.

Штат министрі Атул Бора бұл оқиға Ассам тарихындағы ең ірі жол-көлік апаттарының бірі болғанын айтты. Оның айтуынша, полиция соқтығысудың себептерін анықтап жатыр.

Министр сондай-ақ куәгерлердің әңгімесіне сәйкес, апат алдында автобус жоғары жылдамдықпен келе жатқанын қосты.

Бұған дейін Пәкістанда шағын автобус өзенге құлап, қаза тапқандардың арасында нәресте болғаны хабарланған еді.